Италияда Қазақ күресі федерациясы құрылды

Италияда Қазақ күресі федерациясы құрылды

Халықаралық Qazaq kuresi халықаралық федерациясының корпоративтік басқару бойынша бас менеджері Динара Құрбанова ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағандай, Джорджи Витторио есімді италиялық балуан Қазақстандағы федерацияға хабарласқан. «Джорджи Витторионың өзі жекпе-жекпен, дзюдомен, белкүреспен, сондай-ақ өзбектің курашымен айналысады. Біздің Қазақ күресі туралы естіп, видеосын көргеннен кейін қатты қызықты. Қазірдің өзінде Италияда Қазақ күресі федерациясын ашып отыр. Енді бүгінгі таңда семинар өткізу үшін бізден төрешілер мен нұсқаушыларды сұрауда», - дейді Динара Құрбанова. Оның айтуынша, осы жылдың маусым айында Польшада Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты өтеді. Қазақ күресi халықаралық федерациясы аталмыш сайысқа италиялық балуандарды қатыстыруға күш салып жатыр. «Польшада Еуропа чемпионаты 9 салмақ бойынша (8 салмақ және абсолют) өтеді. Польша, Гүржістан, Ресей, Литва, Латвия, Армения елдерінің балуандары нақты келетіндерін айтып отыр. 17 төреші төрелік етеді. Оның жартысы - шетелдік», - дейді ол. Еске сала кетсек, Қазақ күресі федерациясы былтыр Иранда да құрылған болатын.